АЛМАТЫ, 19 желтоқсан - Sputnik. Алматыда XVI халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті. Жеті күнге созылған "Еуразия" кинофестивалі аясында көрермендер мен қатысушылар 25 елдің кинокартиналарын тамашалады, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігі.
Фестивальдің түрлі бағдарламаларына елу фильм қатысты, олардың үшеуі – "Әдемі Елена", "Боран" және "Ауыл" картиналарының көрсетілімдері әлемдік премьераларға айналды. Фестивальдің беделді қазылар алқасы көрсетілімдерді қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша конкурстық бағдарламалардың жеңімпаздарын анықтады.
Халықаралық конкурс бағдарламасы:
"Үздік фильм" номинациясын қырғыздық режиссер Ақтан Арым Кубаттың "Эсимде" фильмі жеңіп алды.
здік режиссер ретінде грузиялық Леван Когуашвили танылды. Ол фестивальде "4-ші Брайтон" фильмін көрсетті.
Ал ең жақсы режиссерлік жұмыс үшін Асиф Рустамов марапатталды. Әзірбайжанның "Мәрмәр тастай суық" фильмі үздіктер қатарында көрінді.
"Ешқайда апармайтын жол" фильмі үшін қазылар алқасының арнайы сыйлығын өзбекстандық Камара Камалова иеленді. Үздік ер адам рөлі ирандық Навид Мохаммадзадеге бұйырды. Ол "Қабырға артында" фильмінде ойнаған.
"Үздік әйел рөлі" номинациясы қытайлық Шен Ши Ю-ге бұйырды Ол "Әйел" фильмінде өз ролін аса шеберлікпен сомдаған.
Сондай-ақ қазылар алқасының дипломы "Боран" фильміндегі рөлі үшін қазақстандық Катай Даулиге бұйырды. Фестивальде сонымен қатар, Саха республикасының режиссері Борисова Любовь пен чехиялық Петр Вацлав та жүлделі орындарға ие болды.
Ұлттық конкурс бағдарламасы аясында режиссер Шәріп Оразбаевты "Қызыл анар" фильмі "Үздік фильм" номинациясын алды. Үздік режиссерлік жұмысы үшін Серік Апрымов марапатталды. Ал үздік ер адам ролін Әлихан Әбілдин, үздік әйел рөлі номинациясын – Ольга Ландина жеңіп алды.