АЛМАТЫ, 19 желтоқсан - Sputnik. ТікТок арқылы кемінде 12 алматылықты алдап соққан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет желісіндегі алаяқтық бойынша Қарағанды облысының тумасы ұсталды. Ер адам шаһардың кемінде 12 тұрғынын алдады деген күдікке ілінген.
"ТікТок мобильді қосымшасын пайдалана отырып, күдікті жүргізуші куәлігін рәсімдеймін деген сылтаумен азаматтардың ақшасын иемденгені анықталды. Оның үстіне “қызметінің ақысы” қолма-қол ақша түрінде де, электронды аудару арқылы да болған", - деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.
Жедел іздестіру кезінде күдікті ұсталды. Тергеудің осы кезеңінде оның осыған ұқсас 12 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Тәртіп сақшылары алданғандардың көп болуы мүмкін екендігіне сенімді. Ұсталған адамның әрекетінен зардап шеккен азаматтарды полиция қызметкерлері мына телефондарға хабарласуды сұрайды: 8-775-663-94-36; 8-705-630-30-00.