НАТО кезекті проблемаға тап болды

Sputnik
НАТО-да Украинаға қару-жарақ жеткізуге қатысты проблема туындады. Киевке қару-жарақ жеткізген Батыс елдерінің көбінде артиллериялық оқ-дәрі тапшылығы тіркеліп отыр, деп жазды РИА Новости.
Он айдан бері батыстық қару-жарақ Украинаға жөнелтіліп жатыр. НАТО елдері әскери техника көлемін арттырып жатыр. Алайда, Еуропа мен АҚШ-та бұл көмекті одан әрі жалғастырудың тиімді екеніне қатысты күмән жиі айтылып жатыр.
Анықталғандай, Брюссель мен Пентагон артиллерия мен броньдалған техниканы үлкен көлемде қолдануға дайын болмаған. Украиналық тараптың оқ-дәрілерді көп тұтынуы саясаткерлер мен әскерилерді ерекше алаңдататын мәселе болып отыр. Батыс жеткізілімдерінің негізгі үлесін НАТО-да ең көп тараған 155 миллиметрлік калибрлі артиллериясы құрап отыр.
Киев жүздеген америкалық M777 гаубицасын, француздардың Caesar өздігінен жүретін зеңбірегін, немістердің PzH 2000 өздігінен жүретін зеңбірегін, шведтердің Archer жүйесін және тағы басқа техника алды. Мұның бәрі майданда белсенді түрде қолданылады және бұл жабдықтың тозуына әкеліп, сонымен қатар снарядтардың тұрақты және үздіксіз жеткізілуін талап етеді. Ал НАТО-ның қоры шексіз емес.
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы
АҚШ пен НАТО-ның қару-жарақ саботажы
Алғашқылардың бірі болып немістер дабыл қақты. Die Welt газеті Бундесверде оқпанды артиллерия үшін снарядтар бірнеше күндік қарқынды соғысқа ғана жеткілікті екенін есептеді. Ал шығындардың орнын тез толтыру мүмкін емес: қорғаныс өнеркәсібі калибрі 155 миллиметрлі оқ-дәрілерді жаппай өндіруге арналмаған.
Шикізат тапшылығы жағдайды қиындатып отыр. Снаряд өндірісіне қажетті мақта линтін Германия Қытайдан импорттайды, ал ҚХР желтоқсанның басында белгісіз себептермен кезекті партияны жіберуді кешіктірді. Сонымен қатар, Бундесвер соңғы айларда бұл материалды жеткізу уақыты үш есеге өскенін мойындады.
Мәселенің шешілуіне қаржы тапшылығы да кедергі келтіріп отыр. Желтоқсанда Германияның қаржы министрі Кристиан Линднер қорғаныс министрі Кристина Ламбрехтің оқ-дәріге ақша бөлу туралы өтінішін мақұлдаудан бас тартты. Ресми себеп – "күрделі бюрократиялық рәсімдер".
Америкалықтар Киевке миллионнан астам 155 миллиметрлі снаряд жолдады. Пентагон армиясының қоймалары айтарлықтай босады. Нәтижесінде, қарашада Киевке M777 гаубицасына арналған 21 000 дана ғана оқ-дәрі жіберілді. Ал жазда олар айына 75 000-нан 120 000-ға дейінгі көлемде жіберілген.
"Байден әкімшілігінің бұл әрекеті ұлттық қауіпсіздіктің екі маңызды проблемасының бетін ашып отыр: оқ-дәрілердің жеткіліксіз көлемі және маңызды өнімдер өндірісінің жылдам өсуіне байланысты әскери-өнеркәсіптік кешен тап болған қиындықтар. Өкінішке орай, саланы ондаған жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыру осы тапшылыққа әкелді", - деп жазды The National Interest америкалық басылымы.
Бұған дейін The Wall Street Journal газеті Украина Қарулы күштеріне арналған 100 мыңға жуық снаряд Оңтүстік Кореядан сатып алынатынын хабарлаған болатын. Вашингтон мұның уақытша екенін түсінеді. Себебі, КХДР тарапынан болуы ықтимал артиллериялық қауіпті залалсыздандыру үшін Сеулдің өзіне оқ-дәрі керек.
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы
Пентагон Украина арсеналына бақылау жүргізуді әскерилерге жүктеді
АҚШ жағдайды тез арада түзетуге тырысып жатыр. Жақында Пентагон 155 миллиметрлі оқ-дәрілерге екі мемлекеттік тапсырыс жариялады. Жаңа өндіріс желілері Техас пен Огайо штаттарында ашылады.
Америка әскері өндірісті көктемге дейін айына 20 мың снарядқа, 2025 жылға қарай 40 мыңға дейін жеткізуге уәде берді. Алайда тәулігіне он мыңға жуық НАТО снарядтарын жұмсап отырған Украина Қарулы күштеріне мұның қаншалықты көмектесетіні белгісіз. Ресей артиллериясы бүкіл қақтығыс шебі желісінде бұдан орта есеппен үш есе көп жұмсайды.
Қордың таусылуы туралы Франция, Италия және Ұлыбритания да мәлімдеді. Дегенмен, The Guardian басылымының жазуынша, Лондон 250 миллион фунт стерлинг келісімшарт бойынша жақын арада Киевке жүздеген мың артиллериялық оқ-дәрі жібереді.
Сондай-ақ зымыран кешендері мен зениттік қарулар жолданады. Бұл ретте премьер-министр Риши Сунак шенеуніктерге Украинадағы қақтығыстың барысы мен Ұлыбритания қолдауының рөлін бағалауды тапсырды.
НАТО-дағы тапшылық жағдайында 155 миллиметрлі гаубицаның орнына 105 миллиметрлі гаубицаны беру туралы шешім қабылдады. 1950 жылдары шығарылған бұл техника қазіргі зеңбіректерден әлдеқайда әлсіз. Сарапшылар атап өткендей, егер НАТО өзінің қорғаныс өнеркәсібінің қуатын арттырса, оқ-дәрі тапшылығы болмайды. Бірақ бұл көп уақытты алады.