Әйелі мен баласын соққыға жыққан ер адам өзіне қол салды

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 желтоқсан - Sputnik. Ақмола облысы Есіл ауданының ауылдарының бірінде ер адам әйелі мен баласын соққыға жығып, соңынан өзі атылып өлді деп хабарлайды Polisia.kz.
14 желтоқсанда аудандық полиция бөліміне 60 жастағы ауыл тұрғыны басына оқ атып, суицид жасағаны туралы ақпарат түскен.
Кісі өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс Ақмола облысының полиция департаментінде тіркелді.
Жедел-тергеу тобы алдын ала анықтағандай, оқиға болған күні марқұм жұбайының басын жарақаттаған. Анасын арашаламақ болған 20 жастағы ұлына да дене жарақатын салған. Оқиға туралы полицияға көршісі хабарлады. Ол куәгер болған.
Полиция қызметкерлері келгенге дейін ер адам өз-өзіне қол жұмсап, басына оқ атқан.
Тергеп-тексеру барысында оқ атылған тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтың ішкі істер органдарында тіркелгені анықталды.
Жұбайының айтуынша, оқиға болған күні күйеуінің арасында ешқандай жанжал болған жоқ. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып, полицейлер ер адамды осы шарасыз қадамға итермелеген себептерді анықтап жатыр.