Қоғам

Ақорда Михаил Козачковтың ұсталуы жайлы: журналистің заңды құқығы толық сақталуға тиіс

Sputnik
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан азаматы ретінде ұсталған журналист Михаил Козачковтың барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдаған.

"Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде ұсталған журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс", - деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салсақ, 18 желтоқсанда Қаржы мониторингі агенттігі журналист Михаил Козачков ұсталғанын мәлімдеді.
БАҚ өкілі Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алу жасауға көмектесті деген күдікке ілінді. Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алу қоғамда резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланған, дейді агенттік.
Қаржылық мониторинг агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстады