АЛМАТЫ, 18 қараша - Sputnik. Мемлекет басшысы Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді және Қатар халқын Ұлттық күнімен құттықтай отырып, бейбітшілік пен ынтымақтастық қағидаттарын ұстанған елдің алдағы уақытта да қарқынды дами беруіне тілектестік білдірді.
"Осы мерейлі мейраммен тұспа-тұс келіп отырған футболдан әлем чемпионатының сәтті әрі табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Дүниежүзілік брендке айналған бұл дүбірлі дода Қатардың бақуатты және болашаққа нық сеніммен қадам басып келе жатқан ел екенін тағы да растады. Әсіресе, қарапайым спорт жанкүйерімен қатар халықаралық қауымдастық та әлемдік біріншіліктің жоғары деңгейдегі жаңа стандарттарына куә болды", – деп жазылған жеделхатта.
Сонымен қатар президент Шығанақтағы Қазақстанның басты серіктестерінің бірі – Қатармен тығыз байланыстарымыз жылдан жылға ауқымы ұлғайып, ықпалдастығымыздың өрісі кеңейіп келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтті.
Ол бірлескен күш-жігердің арқасында екі ел халықтарының игілігі үшін әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымыз одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.