АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Жетісу облысында ауа райының қолайсыздығынан қар құрсауында қалып қойған отыз адам құтқарылды.
ТЖМ ақпаратынша, 16 желтоқсанда сағат 07.40-та облыстық ТЖ департаментіне Алакөл ауданында, "Үшарал-Достық" автожолының "Ырғайты" учаскесінде боран және жолдың көрінбеуіне бірнеше автокөлік қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама түсті.
Сағат 15.30-да Жетісу облысы ТЖД қызметкерлерінің күшімен (12 қызметкер және 3 бірлік техника) 14 автокөліктің салонынан 24 адам құтқарылды. Олар Үшарал қаласы мен Достық станциясына жеткізілді.
Сонымен қатар, сол күні таңертең ТЖД құтқарушылары "Үшарал-Достық" автожолында 15 желтоқсан күні кешке қарға батып тұрып қалған үш көліктен 6 адамды құтқарды.
Құтқарылғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ және медициналық көмекке мұқтаж емес.
Олар құтқарушыларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
ТЖД азаматтарды алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.