Қазақстанда алғашқы радиофармацевтикалық препарат өндірілді

Sputnik
АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Президент іс басқармасына қарасты Ядролық медицина орталығының базасында онкологиялық науқастарға зерттеу жүргізуге арналған алғашқы радиофармацевтикалық препарат өндірілді. Бұл туралы Президент іс басқармасы Медицина орталығының басшысы Алексей Цой хабарлады.
Оның айтуынша, бұл препаратты өндіру үшін Президент іс басқармасы Медицина орталығы ауруханасының мамандары 4 жыл бойы еңбектенген.
"Қазір ғана Президент іс басқармасы Медицина орталығы ауруханасының базасында жуырда ғана ашылған Ядролық медицина орталығының циклотронды-өндірістік кешенінде онкологиялық пациенттерге ПЭТ/КТ зерттеу жүргізуге арналған алғашқы 18-фтородезоксиглюкоза (18F-FDG) радиофармацевтикалық препараты өндірілді", - деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол 2026 жылға дейін өндіріске 9 радиофармпрепаратты енгізу жоспарланғанын, оның 8-і Қазақстанда алғаш рет өндірілетінін атап өтті.
2023 жылы келесі жаңа 3 РФДП өндіріске енгізіледі: 18F-NaF, 11C-MET, 18F-DOPA. Бұл онкологиялық пациенттер үшін диагностикалық зерттеулер спектрін кеңейтуге және шет елдерге бармай-ақ біздің елімізде осы препараттармен ПЭТ/КТ зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Әр түрлі онкологиялық ауруларға ерте бастан диагноз қойып, пациенттердің өмірін ұзартуға көмектеседі.
"Бұл жердегі мәселе онкологияны диагностикалау ғана емес, сонымен қатар ел медицинасының кардиология мен неврология саласындағы диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда", - деп түйіндеді Алексей Цой.