Өңірлер

Апаттан кейінгі Екібастұз: көпқабатты үйлердің 10%-ы әлі жылынған жоқ

Магистральдық желілердегі апатты-қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 желтоқсан – Sputnik. Жоспарланғандай, магистральдық желілердегі апатты-қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға қарай толығымен аяқталды, көпқабатты үйлердің 90%-ы жылынды.
Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жедел штабтың кезекті отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалпына келмеген температураға қатысты шағымдар әлі де түсіп жатыр, бірақ жылусыз қалған көпқабатты үйлердің 90%-ы жылынып үлгерді.
Ағымдағы ішкі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оларға 126 адам тартылған. Қала тұрғындарына келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр.
"Екібастұздықтардан барлығы 905 өтініш қабылданды. Комиссиялық тексеріс нәтижесі бойынша 244 тұрғын үйде әртүрлі дәрежедегі зақым анықталды. 53 пәтерге ауқымды жөндеу қажет болды, оның 38-інде жұмыстар аяқталуға жақын. Он бригада барлық қажетті материалдық ресурспен қамтамасыз етілген", - деді Аян Бейсекин.
"Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, қаладағы ауа райын ескере отырып, орамішілік желілердегі ақауларды жою жұмыстары жалғасады. Резервтік сорғылар қосымша жөнделіп, іске қосылады.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыстарды жүргізу кезінде үйлерге жылу берудің тұрақты параметрлерін сақтау маңызды екенін атап өтті.
Байханов Екібастұз және жылумен жабдықтау ұйымының басшылығын қазіргі сәтте тоқтамай, жұмыс істеп тұрған қалалық желілерді жөндеудің перспективалық жоспарларын дайындауға шақырды.