Оқиға

Мектеп оқушысы өзіне қол салды: полиция тергеу жүргізіп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 16 желтоқсан – Sputnik. Абай облысының Жарма аудандық полиция бөлімі мектеп оқушысының суицидін тергеп жатыр, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеру басталды. Қазіргі уақытта бірқатар сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге мәліметтер, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді", - делінген хабарламада.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Бұған дейін Abai news телеграм каналы екі оқушының суицид жасағанын, олардың біреуі құтқарылғанын хабарлаған болатын.
Трагедия Жарма ауданы Үшбиік ауылында болған. Болжам бойынша жоғары сынып оқушылары тарапынан буллингке ұшыраған Ақтайлақ би атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары суицид жасаған. Олардың біреуін құтқарып үлгерген.
Көз жұмған жасөспірімнің сыныптастарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін 11-сыныптың оқушылары оларды бірнеше рет ұрып, психологиялық қысым көрсеткен.