Әскери қызметші адамдарды өрттен құтқарғаны үшін медальмен марапатталды

Sputnik
АСТАНА, 16 желтоқсан - Sputnik. Қорғаныс министрінің бұйрығымен Құрлық әскерлері Әскери институтының әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Жандос Барлыбаев ерлігі үшін "Ел қорғаны" медалімен марапатталды.
Бүгін марапатты қорғаныс ведомствосы басшысының атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыстады.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматы қаласында Красногорская көшесі, 4/1 мекенжайында орналасқан жатақхананың бірінен өрт шыққан болатын.
Әскери қызметші ол туралы таныстарынан естіп, ойланбастан оқиға орнына барған. Көрші ғимараттың отқа оранған 2-ші қабатын көрген сержант Жандос Барлыбаев терезе торларымен екінші қабатқа көтеріледі.
Ол жерден 12-13 жастағы баланы, төрт айлық нәрестені алып шығып, сондай-ақ анасының жанып жатқан ғимараттан шығуына көмектесті.