Өңірлер

Жамбыл облысында үш күн ішінде 13 қару мен 350-ге жуық оқ-дәрі табылды

Sputnik
АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облысында "Құқықтық тәртіп" жедел профилактикалық шарасы барысында үш күн ішінде түрлі калибрлі 13 қару мен 345 патрон тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Табылған қарулардың арасында АК-47 автоматы, Макаров тапаншасы, ТОЗ екі тегіс ұңғылы мылтық, ИЖ, ТОЗ, Моссберг маркалы 7 бір тегіс ұңғылы мылтық, газ-травматикалық, газ және травматикалық тапаншалар, сондай-ақ ПМ-ге арналған үш оқжатар және 345 патрон бар.
Полицейлер ҰҚК-ның облыстық департаментімен бірлесіп Тараз қаласының шетінде бетон плитаның астынан зауыттық нөмірі өшірiлген АК-47 автоматын, 9 мм калибрлі патроны бар Байкал травматикалық тапаншасын, 7,62 мм калибрлі 20 патрон тапты.
Сонымен қатар Байзақ ауданында Талас өзені көпірінің астынан скотчпен оралған газет бумасы табылды. Оның ішінде екі оқжатар және бес патроны бар 9 мм калибрлі Макаров тапаншасы болған.
Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының іргесінде орналасқан шаруа қожалығында 38 жастағы малшыдан 12 мм калибрлі ИЖ-18 бір тегіс ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді.
Барлық қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Жамбыл облысының полициясы қару мен оқ-дәрінің орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқықбұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салды.