АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеу қажет екенін атап өтті. ІІМ заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын үкімет қаулысының жобасын әзірлейді. Заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізіліп, үкіметтің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін басталады.
"Заңдастыруды алты ай ішінде жүргізу жоспарланып отыр. Заңдастырылатын автокөліктерге үш негізгі талап қойылады: автокөлік іздеуде болмауы керек, кедендік тазартудан өтуі қажет және елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт", - деді Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Заңдастыруға жататын автомобильдерге жасына және экологиялық класына ешқандай талап қойылмайды. Көліктің ел аумағына кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы арқылы анықталады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған.
"Сондай-ақ шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлікті әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда, автокөліктің Қазақстанда нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша айқындалады", - деп нақтылады ІІМ өкілі.
Заңдастыруға өтінішті электронды үкімет порталы немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік мамандандырылған ХҚКО-ның тексеру пунктінен нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.
"Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі. 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі", - деді Сұлтанбаев.
Бұдан бөлек, Экологиялық кодекске заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемін алып тастау бөілігнде түзетулер енгізіледі. Қазір заң жобасын парламент қарап жатыр.