АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құтқарушыларға үстемеақы қалай төленетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде президенттің атына құтқарушылардың жалақысын көтеру туралы хат жіберілді. Соның ішінде төтенше жағдайдың деңгейіне қарай үстемақы төлеу шаралары да бар.
"Келесі жылдан бастап біздің қызметкерлеріміздің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Ал төтенше жағдайда жою кезінде жұмыстың ауырлығына қарай қосымша үстемеақы төленеді", - деді Ильин сенатта өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, қазақстандық құтқарушылар шетелде төтенше жағдайды жоюға жіберілсе де, үстемеақы төлене береді. Ал оның көлемі жалақының 20 процентін құрайды.
"Келесі жылдан бастап жалақыны көтерсек, онда аса ауыр жұмыстар үшін үстемеақының мөлшері, шамамен, күніне 30 мың теңге болады", - деп атап көрсетті Ильин.