Жеңілдетілген автокредит: автосалондардың 30% алдын ала төлем талап етуі заңды ма

Sputnik
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Жеңілдетілген автокредитпен жұмыс істейтін автосалондардың азаматтардан 30% алдын ала төлем талап етуге құқығы жоқ. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер министрден автосалондардың жеңілдетілген автокредит бойынша 30 пайыз алдын ала төлем талап етуі қаншалықты заңды деп сұрады.
"Біз қазір заңды не заңсыз екенін тексеріп жатырмыз. Автосалондар жеке меншікте. Олар өз бизнесін өздері құрады. Бірақ мемлекет бөлген қаражат бойынша олардың бұлай істеуге ешқандай құқығы жоқ. Біз қазір бүкіл автосалон иелеріне ақпарат бердік. Олар мұндай талап қойылғанын үзілді-кесілді теріске шығарып отыр", - деп жауап берді Өскенбаев.
Бұл ретте министр мұндай фактілер болса, бірден министрлікке хабарлауды өтінді.
"Өйткені жергілікті жерлерде менеджерлердің өздері заң бұзып отырған болуы мүмкін. Қалай болғанда да фактілер болса, бізге беріңіздер. Өйткені автосалон иелері де мұндай болғанына мүдделі емес", - деді ол.
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар автосалондар жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша алдын ала төлем талап ететініне шағымданған болатын.