Іздеуде жүрген қылмыстық топ қалай байыған – тергеу материалдары жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген Елдос Қоспаев пен оның сыбайластары кәсіпкерлерді қалай тонағанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін рейдерлікке қатысты бар деген 11 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын Топтың бес мүшесі қамауға алынды. Ал серкесі Елдос Коспаев пен оның тағы 6 сыйбайласы іздеуге жарияланған болатын.
Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық топ Алматы қаласының кәсіпкерлерін қорқыту арқылы біраз бизнесті тартып алған. Мәселен, 2019 жылы наурыз айында Қоспаев сыбайластарымен бірге "Profit Trade Ltd" ЖШС иелерін өз үлесінің 40% Имашевқа жазып беруге мәжбүрледі.
Алматылық кәсіпкерлер бұл бизнесті дамытуға 160 млн теңгесін жұмсаған. Ал қылмыстық топ мүшелері бұрынғы басшыларды басқармадан шеттете отырып, құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесін те алып қойды. Бұл компания тұрақты табыс әкеліп тұрған. Негізгі қызметі - алкоголь өнімдерін көтерме бағамен сату.
"Ал 2020 жылы 30 шілдеде Коспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн.теңгеден астам инвестиция салған "Azovita Aktay" ЖШС мен "Azovita Atyray" ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіру арқылы өздеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге мәжбүр етті", - дейді агенттік мамандары.
Осылайша, Қоспаевтың адамдары тағы екі компанияны өз бақылауына алып, Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдаланды. Қылмыстық топ мүшелері қыруар табысқа кенеліп, жазаға тартылмайтынын әбден сезінді. Содан бір жылдан кейін Қапшағай су қоймасында орналасқан "Kapchagai Marina Сlub" ЖШС-не тиесілі құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын демалыс аймағын күшпен тартып алды.
Қоспаев өзінің сенімді тұлғалары арқылы Алматы қаласының ең беделді аудандарының бірінде "Есентай Сити" тұрғын үй кешенінің құрылысын жүзеге асыратын "AV-Construction" ЖШС-дегі үлесінің 75%-іне де ие болды. Қалған 25 проценті белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа иелігінде болды. Ал Коспаев пен оның серіктестері баюды ғана ойлады, туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеп жүрді. Сөйтіп, компания мүлкін талан-таражға салды.
2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев, Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденіп алды. Мүліктің жалпы құны 4,6 млрд. теңгені құрайды.
Қоспаев бірлескен меншік иесі Әбдіғаппаровтың тарапынан шағым түспесін деп, оның анасы С. Жүнісбековаға ресімделген 25% үлесті де тартып алуға шешім қабылдады. Ол үшін Әбдіғаппаров ұсталғаннан кейін анасына ұлын түрмеден шығуға көмектесемін деді. Бірақ соның орына құрылыс компаниясының үлесін сұрады. Жүнісбекова өз үлесін өтеусіз аударып бере салды.
Тергеу аясында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүлкіне тыйым салынды. Соның ішінде 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер учаскесів, 35 премиум санаттағы көлік және 9 миллион доллар көлемінде қолма-қол ақша бар.
"Сонымен қатар, Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында қала сыртындағы бассейні, тренажер залы бар сәнді үй салды. Онда ол асыл тұқымды жылқыларды өсірді, жабайы хайуанаттар бағын ұстады. Онда арыстандар, аюлар және тағы басқа жануарлар болды", - делінген ресми хабарламада.
Ішкі істер органдарына тағы бір материал жіберілді. Оған сәйкес, қылмыстық топ мүшелері 2018-2021 жылдар аралығында заңсыз салынған үйдің қызметкерін бірнеше рет зорлаған. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.