Жер қойнауын игерушілердің қызметі ғарыштан бақыланады

Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Геологиялық барлаумен айналысатын кейбір ұйымдардың жер қойнауын игеруде белгіленген аумақтың шекарасынан асып кетіп жатқан жағдайлары байқалып отыр. Сол себепті олардың қызметін бақылау үшін ғарыштық мониторинг енгізілмек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Павлодар облысының халқымен кездесуде индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова айтты.
Аталған кездесуде өндірісі өркендеген өңір халқының вице-министрге қойған сауалы аз болған жоқ. Мәселен, павлодарлықтарды жер қойнауын игеру саласындағы бейберекеттік алаңдатып отыр.
Облыс халқының айтуынша, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексте мемлекеттік бақылау тәртібі жеткілікті деңгейде қарастырылмаған.
"Қағаз жүзіндегі бақылау тәртібінің салдарынан жер қойнауын игерушілер айыппұл және басқа да әкімшілік жауапкершіліктен сытылып келеді", дейді жергілікті халық.
Бұл ретте ИИДМ басшысының орынбасары жоғарыда аталған заң қайта қаралып жатқанын жеткізіп, әсіресе жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне қадағалау жүргізуге өзгеріс енгізу көзделіп отырғанын айтты.
"Қолданыстағы кодексте қажетті ақпарат қағаз жүзінде ұсынылып келгендіктен, оны қайта қарстыруға тура келіп отыр. Неге десеңіз, қазір бұл бағытта цифрлы технологиялар енгізіліп, барлық мәлімет қамтылған арнайы портал іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ қадағалау тәртібіне өзгерістер енгізілетін болады. Айталық, ғарыштық мониторинг жер қойнауы игеру саласына бақылауды күшейтуге септігін тигізбек. Өйткені Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланушылардың белгіленген аумақтан ары асып, геологиялық барлаудан бөлек жерді игеруге кіріскен жағдайлары байқалды. Қажетті деректермен ҚР ИИДМ-ні "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы қамтып келеді. Біз оларға жер қойнауына геологиялық барлау жүргізуге және игеруге лицензиясы бар барлық компанияның және белгіленген учаскенің тізімін бердік. Соған сәйкес бізге тиісті ақпараттар ұсынылады. Жоғарыда келтірілгендей, еліміздің шығысындағы жағдай бойынша арнайы комиссия тағайындалып, тиісті тексерістер жүргізіледі", – деді Д.Щеглова.
Осы орайда Павлодар облысында машина құрастыру, мұнай-химия, тау-кен секторы сынды өнеркәсіп түрлері жолға қойылғанын айта кету керек. Бұл өңірдегі кәсіпорындар өндірісті замануи тұрғыда, әсіресе цифрлы технологиялардың негізінде дамытуға басымдық беріп келеді. Осы арқылы өндірістік процесті оңтайландырып, жоғары еңбек өнімділігін арттыруға жол ашылып отыр. Айталық, 2018 жылдан бері облыс аумағында шамамен 5 млрд теңге сомасына 30-ға жуық жоба іске асырылыпты. Сонымен бірге 2024 жылы тағы да 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар энергия үнемдеу басқармасының диспетчерлік бөлімшесін автоматтандыруға, сондай-ақ компьютерлік тренажермен қызметкерлерді аттестациялауға дайындығын жетілдіруге және т.б. бағыттағы көрсеткіштерді жақсартуға арналған.
Бұдан басқа Д.Щеглова павлодарлықтарға e-Qurylys цифрлы жүйесі арқылы еліміздегі құрылыс саласын жандандырып, жұмыс тиімділігін арттыру жоспарланғанын айтып берді. Ал, зияткерлік көлік жүйесі салынып жатқан жолдарды бақылау мен сапасын жақсартып, жүк тасымалдау процесін оңтайландыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысының "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері еліміздің өңірлеріне барып, жергілікті халықпен кездесулері одан әрі жалғасатын болады.