АЛМАТЫ, 13 желтоқсан - Sputnik. Таразда қатты аяздан екі адамды үсік шалды. Қалада ауа температурасы -20 градус, ал облыс аудандарында -30 градусқа жеткен, деп хабарлайды ұлттық арна.
"Осы демалыста 49 және 54 жастағы тұрғындар үсік шалу белгілерімен жедел жәрдем шақырды. Азаматтар суыққа қарамастан ұзақ уақыт далада жүріп қалған. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
"Қазгидромет" мәліметінше, ертең ел аумағында жел күшейеді, солтүстікте және оңтүстікте тұман, оңтүстік-батыста көктайғақ болады. Шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыста бұрқасынмен бірге қар, оңтүстік-батыста қар аралас жаңбыр жауады.