Іздеуде жүрген қылмыскерлер Алматыда ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 13 желтоқсан – Sputnik. Алматыда іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталды. Күдіктілердің бірі адамға ауыр дене жарақатын салғаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған, деп хабарлады Polisia.kz.
Қылмыскерлердің екіншісі адамдарды тонаумен айналысқан.
"Қылмыс орнынан қашып кеткен 26 жастағы К. есімді азаматқа іздеу жариялаған болатынбыз. Ұстау барысында оның қасында 22 жастағы С. есімді азамат болды. Бұл күдіктіні Жамбыл облысы Қордай ауданы полициясындағы әріптестеріміздің іздеп жатқандығы анықталды. Ол сол жақта адам тонаған", – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдібаев.
Оның айтуынша, күдіктілерді ұстау кезінде олардан шолақ мылтық пен оқ-дәрі табылып, тәркіленді. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.