АЛМАТЫ, 13 желтоқсан – Sputnik. Ешқандай біліктілігі мен білімі жоқ, шығармашылықпен және спортпен мүлдем айналыспаған, тіпті бұрын жезөкшелікке тартқаны үшін сотталған адамдар ArtSport бағдарламасы бойынша оқушыларды оқытқан, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында үйірмелер мен секцияларға жалған ресімдеу арқылы 1,1 млрд теңге бюджет ақшасы ұрланғаны анықталды.
Шын мәнінде ешқайда бармаған 6 мың балаға жалған құжат жасалып, мемлекет қаражатын жымқырған.
Алматы, БҚО, ШҚО және Маңғыстау облысында ешқандай біліктілігі мен білімі жоқ, шығармашылықпен және спортпен мүлдем байланысты емес, тіпті бұрын жезөкшелікке және жыныстық қылмыстарға тартқаны үшін сотталғандар педагог болған.
Кейбір облыстарда үйірмелер мен секциялар өтетін орындар санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.
Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру ережелері Атамекен ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келісілмегені және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірде-бір қорытынды алынбағаны анықталды.
Алаяқтықтың, ұрлықтың, пара берудің және пара алу фактілері бойынша прокурорлар тексеру жүргізді. Нәтижесінде 18 заң бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 94 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды, 50 жалдау шарты бұзылды.
"Бағдарлама шарттарына өзгерістер енгізілді, санитарлық талаптар күшейтілді, төменгі жас шегі өзгертілді. Мысалы, бұрын еркін күрес 5 жастан басталса, қазір 10 жастан бастап қатысуға рұқсат", - деді бас прокуратураның баспасөз қызметі.