Жыл соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін жетеді – Ұлттық банк

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Желтоқсан айында елдегі инфляция баяуламайды, керісінше, өседі. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биылғы қараша айында жылдық инфляция 19,6%-ға жетті.
"Жылдың соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін көтеріліп, 2023 жылдың бірінші тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр", - деді Пірматов үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айтуынша, қабылданған шаралардың әсерінен және инфляциялық қысымның жеңілдеуіне қарай нақты мөлшерлеменің өсуін ескере отырып, 2023 жылы инфляция 11-13%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр.
Пірматов қазіргі инфляцияға азық-түлік бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті. Азық-түлік инфляциясы 24,1%-ға дейін жеткен.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 18,6% болса, ақылы қызметтер бағасы 14,1%-ға өсті.
Инфляция Маңғыстау облысында, Астана қаласында, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарында республикалық деңгейден жоғары.