Қазақстан дайын инвесторлардан айырылып қалып жатыр – президент

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің инвестициялық саясатын сынады. Оның айтуынша, Қазақстан дайын инвесторлардан айырылып қалып жатыр.
Тоқаев өз тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін еске салды. Алайда, айтуынша, биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылған. Яғни, небәрі 15 пайызы іске қосылған.
"Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұл ретте президент сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
"Елшілер шетелде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз", - дейді ол.
Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни, жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті.
"Әрине, орталыққа да өзгеріс жасау керек. Осыған қатысты бірқатар ұсыныс бар екенін білемін. Премьер-министр Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте бәрін қайтадан талқылап, өзара келісілген шешімді маған енгізуі қажет", - деп тапсырды мемлекет басшысы.