АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов өз өтінішімен қызметінен босатылды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, Екібастұзда болған төтенше жағдай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті.
"Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Мемлекет басшысы осы апаттан кейін Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Ысқақов өз еркімен қызметтен кеткенін айтты.
"Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты", - деді ол.
Бұған дейін президент Павлодар облысының әкімі лауазымына Асайын Байхановты тағайындаған болатын.