"Халық мал болып кеткен": ауыл әкімі тағы да тұрғындардың ашуына тиді

Sputnik
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімі халықты малға теңеді. Жергілікті тұрғындар оны видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Уральская неделя" порталына сілтеме жасап.
Былтыр Махамбет ауылдық округіне кіретін Павлово ауылына газ тартқан. Бірақ мектеп әлі газ жүйесіне қосылмаған. Ал негізгі газ қондырғысы істемей қалады. Соның салдарынан үйлердің іші суып кеткен. Тұрғындар осы проблеманы әкімге айтып барды. Бірақ Махамбет ауылдық округінің басшысы Бейбіт Аманғалиев жалған ақпарат тарататын адамдарға сенбеуге кеңес берді.
"Газдың сөнгеніне екі күн болған жоқ, кеше тоғызда тоқтады. Олар айта береді. Неге халықты тыңдайсыңдар, а? Халық қазір мал болып кетті ғой. Білмейсіңдер ме соны? Ол жұмысты істеп жатқан мені тыңдамайсыңдар ма?", - деді Аманғалиев.
Осы кезде адамдар "халық мал болып кетті" деген сөздің орынсыз екенін айтып, ескерту жасады.
"Енді ауыздарына келгендерін айтады. Қалай айтпайсыз?", - деп ақталды әкім.
Айта кетері, бір жыл бұрын Бейбіт Аманғалиев қатаң сөгіс алған. Сол кезде әкім басқа бір адамға мессенджер арқылы аудиохабарлама жіберіп, ауылда тұратын әйелдің ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл аудиожазба сол әйелдің қолына түскен. Балағат сөз болмаған, бірақ ар-намысты қорлайтын сөздер айтылды.