Имамның сұхбаты үшін айыппұл: Петропавлда сот журналист қызға салынған жазаның күшін жойды

Sputnik
АСТАНА, 10 желтоқсан – Sputnik. Петропал қаласында аппеляциялық сот журналист Руфия Мұстафинаға Құрбан айт туралы бас имаммен сұхбаты үшін айыппұл салу туралы үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Журналистің айтуынша, екінші инстанцияның соты Петропавл қаласының әкімішілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандырылған соттың 2022 жылғы 4 қарашадағы үкімінің жоюға шешім қабылдады. Осы орайда Руфия Мұстафина адвокат Абзал Құспанға және облыстың бас имамы Хамзат Әділбековқа ризашылығын білдірді. Екеуі судьяға бәрін жан-жақты түсіндіріп берген.
"Мәселе айыппұлда емес, мені де былай қойғанда заңды қолдау жағы түсініксіз болды. Біз соған басымдық жасадық. Әсіресе, қазіргі жағдайда және біздің еліміз үшін өзекті болып тұр. Себебі бұл жерде көптеген этностар мен конфессиялар тұрады. Меніңше, заңды қолдану мәселесі шын өмірден алшақтап кеткен. Дін өкілі халық дұрыс түсінсін деп, діни мерекені қалай өткізетінін айтып отыр ғой. Ол үшін жазалайды", - дейді Мұстафина Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ол мәслихат депутаты ретінде сот жүйесі жөніндегі жұмыс тобына тиісті ұсыныс жасайтынын да жеткізді.
"Осылайша, заңнаманы жылдам өзгертпесек те, біртіндеп түзетеміз деп ойлаймын. Сонда заңдар халыққа қарсы емес, халық үшін жұмыс істейді", - деп атап көрсетті Мұстафина.
Ал облыстық соттың баспасөз қызметі қалалық соттың үкімін не себепті жойғанын түсіндірді. Әкімшілік құқық бұзушылық "мардымсыз" болғаннан кейін айыппұл салу туралы үкімнің күші жойылды.
Айта кетері, бұған дейін имамнан сұхбат алған журналист қыз айыппұл төлеуге міндеттелген болатын. Қарашаның басында Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты журналист және қалалық мәслихат депутаты Руфия Мұстафинаға "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша 153 150 теңге (50 АЕК) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарған.
Сұхбатта бас имам Құрбан Айт мейрамы мен мерекенің дәстүрлері туралы айтқан. Ал сот оны діни материал деп таныды.
"Маған бұл сұхбатты имамның өзі берді. Сұхбат жарияланған шілде айынан бері оған ешкім наразылық білдірмеді. Оның үстіне, бұл материалды желіде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы мен қала әкімінің баспасөз қызметі де бөліскен", – деп таңғалды журналист.
Сол кезде облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Руслан Жарасбаев жыл басынан бері діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратудың 22 фактісі анықталғанын хабарлады.
"Діни материалдарды тек ғибадат орындарында, рухани (діни) білім беру ұйымдарында таратуға болады. Кәсіпкерлер бұл материалдарды тарату үшін жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алуы керек. Сондай-ақ дін мәселесінде тек ресми ақпарат көзіне сүйенуге, заңды біліп, сақтауға шақырамыз", - деді Жарасбаев.