АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында глютен және биоэтанол шығаратын зауыт маңында тұратын тұрғындары сасық иіске шағымданды. Аудан әкімі осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов жұмыс сапарымен "BioOperations" ЖШС-де болды.
"Ұйымдастырылған жұмыстың арқасында өнім түрі, көлемі мен сатылымы ретке келтірілген. Кәсіпорында 600-ге жуық адам жұмыс істейтіні қуантады. Бірақ мені және Тайынша қаласының тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бірі – қолаңса иіс", – деді Берік Әлжанов әлеуметтік желіде.
Ол серіктестік астықты терең өңдеу бойынша өндірістік жұмысты жаңа екі сатылы физикалық, химиялық және биологиялық тазарту жүйесімен жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Біз санитарлық-қорғау аймағының аумағын көрдік, тазалау жүйесінің жағдайын тексердік. Барлық көрсеткіш норма шегінде және халықтың өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейді. Ал жағымсыз иіс өндіріс қалдығы жиналып, ашу процесі жүріп жатқан ескі буға айналдыру орындарынан шығып жатыр. Өйткені бұрын "Биохим" кезінде төпті (барда) қайта өңдеу болмаған және ол дәл осы тоғандарға төгіліп, ашып, жағымсыз иіс шығарған", - деп түсіндірді Берік Әлжанов.
Аудан әкімі сасық иіс ауыл тұрғындарын мазаламау үшін кәсіпорын тарапынан шаралар қабылданып жатқанын да айтты. Ең алдымен, біртіндеп тоғандар тазартылып жатыр. Биыл бір тоған тазартылды және бұл жұмыс жалғаса береді. Сонымен қатар жаңа тоғандар жабдықталды.
"Өндіріс процесі қайта құрылды және жем-шөп төбін дайындауды қарастырады. Төп – жануарлар мен құстарға азық қоспасы ретінде пайдаланылатын, дәрумендерге, ақуыздарға және минералдарға бай қоспа ретінде пайдаланылатын астықты терең өңдеу өнімі. Сондықтан қазір барлық тазарту процесінен өткен булану тоғандарына иіссіз және қоспасыз таза су ғана жіберіледі. Сонымен қатар өңдеу кезінде жанама өнім ретінде түзілетін сұйық көмірқышқыл газының өндірісі реттелді. Егер бұрын ол жай атмосфераға шығарылатын болса, қазір СО2 жиналып, тазартылып, сұйық күйге айналдырылып, қапталып, өнеркәсіпте пайдаланылып жатыр", - деді аудан әкімі.
Ол иіске қатысты жағдайды бақылауды жалғастыратынын баса айтты.
Бұл мәселе жаңадан туындап отырмағанын айта кету керек. Өткен жылдың күзінде Тайынша ауданының 100-ден астам тұрғыны кәсіпорыннан шығып жатқан жағымсыз иіске байланысты ұжымдық шағыммен облыстық экология департаментіне жүгінген. Арызданушылардың айтуынша, олар 14 жыл бойы осы иіске шыдап келеді. Аудан орталығындағы сасық иістен олар жазда да терезе аша алмайды. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар бұл иістен зардап шегеді.