АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Төтенше жағдай кезіндегі электр энергиясына қатысты мәселе шешімін тапты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша электр энергиясының мәжбүрлі түрде өскен шығындарын өтеу мәселесі бірінші вице-премьер Роман Склярдың қатысуымен және "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС иелерімен бірге шешілді", — деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, ТЖ кезеңінде 27 қарашадан 8 желтоқсанға дейін 48 мың 957 абонент үшін пайдаланған электр энергиясына өтемақыны атаулы есептеу туралы келісімге қол жеткізілді.
"Енді біз есептеулерді және төлемнің бірыңғай мөлшерін анықтаймыз, оны тұтынушылардың жеке шоттарына аудару жолдарын қарастырамыз. Барлық шығындарды "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС иелері өз мойнына алады", — деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, зардап шеккен үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан айларында жылыту төлемдерінен босатылған болатын.