АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Астаналық оқушы сабаққа барғысы келмей, мектепке "мина қойған". Төле би көшесінде орналасқан мектептің бірінде жарылғыш құрылғы бар екенін полиция қызметкерлеріне оқушының өзі қоңырау шалып хабарлаған.
Полиция департаментінің мәліметінше, ғимаратты тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмаған. Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлады.
"Мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмады. Іс-шара эвакуациясыз өткізіліп қауіп жойылды. Жедел іздестіру шарасы кезінде Астана полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жалған ақпарат таратқан адамды анықтады", - деді Астана полиция департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.
Ол осы мектептің 13 жастағы оқушысы болып шықты. Жасөспірім осылайша сабақ болмасын деп әзілдеген.
Ювеналды полицияның инспекторлары баланың ата-анасының көзінше жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізді. Заңды өкіліне қатысты әкімшілік сипаттағы шара қолданылады.