Көкшетауда синтетика таратқан жүкті әйел 10 жылға сотталды

Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Көкшеуда синтетикалық есірткі тығып жүрген Астана қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, есірткі таратушы қыз 25 наурызда ұсталған. Сол кезде ол жүктіліктің соңғы кезеңінде болды. Соған қарамастан, Көкшетауда синтетикалық есірткіні тығып жүрді. Ұсталған күні екі жасырын орынды көрсетті.
Тәртіп сақшылары жалпы салмағы 64 грамм болатын a-PvP психотроптық заты салынған 80 орама тәркіледі. Ал жалдамалы пәтерді тінту кезінде 400 грамнан астам психотроптық заттар, сондай-ақ есірткіні буып-түюге арналған құрылғылар табылды. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін де айтты. Баласы туғанша жазаны кейінге қалдыруды сұрады.
Сот шешімімен аса ауыр қылмыс жасаған қыз 10 жылға сотталды. Бүгін құқық қорғау органдары Өскеменде синтетикалық есірткі таратып жүрген 19 жастағы бойжеткеннің ұсталғанын хабарлады. Одан жалпы салмағы 35,6 грамм болатын "альфа-pvp" психотроптық заты тәркіленді. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.