АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" жарлыққа өзгерістер енгізді.
Жарлыққа сәйкес, шағын бизнесті тексеруге мораторий тағы бір жылға – 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.
"Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Бірақ Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер қала береді.
Осы Жарлық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Айта кетері, Қазақстанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылдың қаңтарында жарияланған болатын. Мораторий 2023 жылдың қаңтарында аяқталуға тиіс еді.