АЛМАТЫ, 7 желтоқсан — Sputnik. Экологиялық мониторинг нәтижесі Қазақстанның 45 өнеркәсіптік қаласы мен мегаполистері арасында 9 қалада атмосфералық ауа қатты ластанғанын көрсетті. Олар: Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Шымкент қалалары. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы мұндай қалалардың саны 10 болған. Алайда осы жылдың басында Жезқазған лас қалалар тізімінен шығарылды. Өйткені оның ластану деңгейі орташа екені анықталған.
Зулфухар Жолдасов экологияға ең алдымен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар әсер ететінін атап өтті: су объектілері, топырақ, ауа, өсімдіктер мен жануарлар әлемі. Экологияға әсер ететін отандық бизнес-алпауыттарға Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. (NCOC), "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, "АрселорМиталл Теміртау" АҚ, "Қазмырыш", СНПС Ақтөбемұнайгаз, ERG сияқты компаниялар жатады.