Қазақстан алғаш рет Қытайдың атом электр станциясына ядролық отын жеткізді

Қазақстан алғаш рет Қытайдың атом электр станциясына ядролық отын жеткізді
Sputnik
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Қытайдың атом электр станциясы үшін алғаш рет ядролық отын жеткізді.
"Үлбі-ЖБҚ" ЖШС зауытынан (Қазақстан - Қытай бірлескен кәсіпорны) Қытайға AFA 3G ТМ дизайнындағы жаңа ядролық отын – жылу бөлетін құрамалардың (ЖБҚ) бірінші партиясы жеткізілді", - деп хабарлады "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы.
Бір қайта жүктеу көлеміндегі (30 тоннадан астам төмен байытылған уран) ЖБҚ орналастырылған 34 көліктік-орау контейнері бар теміржол платформалары мамандандырылған күзетпен бірге Қытайдағы атом электр станциясына жеткізіліп, түпкі тұтынушы – Қытайдың CGNPC-URC ядролық корпорациясы қабылдап алды.
ЖБҚ өндірісінде Үлбі металлургия зауытында қайта өңделген Қазақстанда өндірілген уран шикізаты пайдаланылады.
"Үлбі-ЖБҚ" ЖШС зауыты 2021 жылдың қараша айында Framatome француз компаниясының AFA 3G дизайнындағы ЖБҚ өндіру технологиясының иесі тарапынан сертификаттаудан өткеннен соң және өнімнің түпкілікті тұтынушысы – CGNPC-URC Қытай ядролық корпорациясы тарапынан сертификатталған ядролық отын жеткізушісі ретінде танылғаннан кейін іске қосылды. Бұл атом электр станциялары үшін ядролық отын шығару бойынша Қазақстан Республикасындағы жалғыз өндіріс және 20 жыл бұрын кепілді өткізу нарығы бар.
Зауыттың қуаты – төмен байытылған уранға есептегенде жылына 200 тонна.