АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандықтар әкімдіктерге, мәслихаттарға және үкіметке петиция бере алады. Мәжіліс қоғамдық бақылау туралы заң жобасы мен оған ілеспен заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, заң жобасында петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулер қамтылған. Заңнамада петиция ұғымы беріледі.
Петиция – мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық форматта жіберілген және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс.
"Петицияны Қазақстан азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажет. Мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде (АҚШ, Өзбекстан және т.б.) қолданылады", - деді Қыдырәлі мәжіліс отырысында.
Сонымен қатар, петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар:
аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек;
аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;
облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының 1% дауысы;
облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;
республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.
"Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді", - деді ақпарат министрі.
Бұл ретте петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.
Бұдан бөлек заң жобасында мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктер беру үшін "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаттары заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.