АСТАНА, 7 желтоқсан — Sputnik. Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлады "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Президент елдегі кәсіпкерлерге табысты еңбегі үшін алғыс білдіріп, "кәсіпкерге қолайлы жағдай жасау – мемлекет алдындағы міндет" екенін атап өтті.
"Осы күнге дейін еліміздің 160-тан астам компаниясы "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атанды. 365 кәсіпорынға "Парыз" сыйлығы табысталды. Бұның барлығы отандық бизнестің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады", – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өсті. Яғни, ол қазір ел экономикасының 34 пайызына жуықтады. Бүгінде осы салада 3,5 миллоннан астам адам жұмыс істейді.
"Бұл – еңбек ететін халықтың 40 пайызы деген сөз. Тағы бір жетістік былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке, 20 млрд долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады", – деп толықтырды мемлекет басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша "Үздік индустриялық жоба" номинациясын Павлодар облысынан "Проммашкомплект" ЖШС (жобалау, дөңгелектерді өндіру, дөңгелек орталықтарын ашу, бандаждар және теміржол саласына арналған тісті дөңгелек әзірлемелерін өндіру) жеңіп алды. Ал "Үздік инновациялық жоба" номинациясы бойынша Алматы облысының "Антиген" ғылыми өндірістік кәсіпорны" ЖШС (медициналық бұйымдар өндірісі, қауіпті ауруларға қарсы ветеринариялық иммунобиологиялық препараттар, диагностикалық тест-жүйелер өндірісі) жеңіске жетті.
Іріктеу қортындысы бойынша өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорындар:
ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында "ТМК-Қазқұбырөнрекәсіп" ЖШС (Батыс Қазақстан облысы);
орта кәсіпкерлік субъектілері арасында – "Столичная стеклопакетная компания" ЖШС (Астана қаласы);
шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында "Астық" элеваторлық жабдық зауыты" ЖШС (Қостанай облысы) топ жарды.
Медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне мамандандырылған "DOLCE" ЖШС (Алматы облысы), кәсіби киім мен аяқ киім өндірісі бойынша "Zhamal-ai LTD" ЖШС (Маңғыстау облысы) және балаларға арналған пластик ойыншықтарды шығарудан Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын – "Байтемірова Р.С." жеке кәсіпкерлігі (Шымкент қаласы) 2022 жылдың қорытындысы бойынша халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын ретінде танылды.
Жергілікті қамту үлесі – 92,4%-ды құрайтын "Olymp Medikal Group" ЖШС, мұнай және газ саласындағы геологиялық барлауды жобалау және консалтингт қызметті көрсететін "Optimum жобалау институты" ЖШС және "Sultan Palace Hotel" ЖШС (қонақүй) қызмет көрсету бойынша үздік кәсіпорын болып анықталды.
Жыл қорытындысы бойынша: "Рахат-Шымкент" ЖШС, "Best Meat" ЖШС (Алматы облысы), "Бөрте Милка" ЖШС (Түркістан облысы) азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорындар номинациясын жеңіп алды.
Қазақстан президенінің "Алтын сапа" сыйлығы 2006 жылдан бері жыл сайын беріледі. Осы жылдар ішінде байқауға республиканың 2,2 мыңнан астам кәсіпорны қатысты. Байқаудың басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру. Биыл байқауға қатысуға 281 компания өтінім берді.