АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Астанада түнгі клубта жұмыс істеген бармен ұсталды. Одан аса ірі мөлшерде есірткі тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
22 жастағы жігіт түнгі клубта жастарға мефедрон сатып келген. Жалға алған пәтерінен каннабис пен синтетикалық есірткі табылды. Одан шамамен 20 дана бір реттік доза жасауға болады. Соның бәрін түнгі клубта сатуды жоспарлаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында барлығы 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді.
Қазіргі кезде есірткіні аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің мүлкі тәркіленді. Бармен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.