Шахтинскте сыйлық аламын деген әйел 2,7 миллион теңгеден қағылды

Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Шахтинск қаласының тұрғыны WhatsApp арқылы танысқан "мәдениетті" жігіттен сыйлық аламын деп, барлық ақшасынан айырылды.
Polisia.kz порталы таратқан мәліметке сәйкес, тамыз айында алданған әйелге WhatsApp арқылы SMS-хабарлама түскен.
"Ол өзін Казимирмін деп таныстырды. Ұлыбританияда тұратынын және көлік сатумен айналысатынын жазды. Біз онымен бірнеше күн сөйлестік. Кейін ол маған сыйлық жасағысы келетінін жеткізді. Басында мен ол ұсынысқа күдікпен қарап, жауабын жаздым. Алайда Казимир сыйлық жасағысы келетінін қайта-қайта айтып, алуға көндірді", - дейді Шахтинск тұрғыны.
Жаңа танысы сыйлықты қорапқа салып жатқанын видеомен де көрсеткен. Ішінде әйелдердің қол сөмкесі, қол сағаты мен бірнеше аяқ киім болған. Сондай-ақ, қорапқа шамалы ақша салғанын және оған өзіне ұнайтын затты сатып алуға болатынын айтты.
"Сыйлықты ұшаққа салым жіберемін, бәрін өзі төледім, сыйлықты күтіп алғанда жеткізу ақысын ғана төлеу керектігін айтты. Арада үш күн өткенде Қазақстанның жеткізу орталығынан маған осы мекенжайға сыйлықтың келгені туралы ұялы телефоныма хабарлама түсті. Ол сыйлықты алу үшін 250 мың теңге төлеу керек екен. Мен ақшаны бірден көрсетілген есепшотқа салып жібердім", - деп атап көрсетті жәбірленуші.
Алайда сыйлық салынған қорап келмеді. Біршама уақыттан кейін оған белгісіз біреулер қоңырау шалып, сыйлықты сканерден өткізгенде оның ішінде бірнеше бағалы заттың бар екенін айтты. Ал қорапта қомақты ақшаның болуына байланысты арнайы сертификат алу керек. Оған қоса, күзетке де ақша төлеу керек.
"Білмеймін, мені дуалап тастағандай болды. Содан бірнеше банктен бас-аяғы 2,7 млн теңге ақша алып, оларға жібердім. Алаяқтарды табады деген үміттемін ", - деді қала тұрғыны.
Жәбірленуші алаяқтарға алданғанын түсінгеннен кейін полицияға арыз түсірді Қазіргі кезде Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.