Қырғызстанда Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды

Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Қырғызстанның Ош мемлекеттік университетінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жоғары оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Филиал екі бағыт – "аударма ісі" және "орыс тілі мен әдебиеті" бойынша мамандар даярлайды. Алдағы уақытта жаратылыстану ғылымы, физика және IT бағытында білім беру бағдарламалары да қосылады.
Қзіргі кезде филиалда 30-ға жуық студент білім алып жүр. Олар ағашқы екі курсты Ошта, қалған екі жылда таңдаған кәсіптерін Қазақстанда оқиды. Оқу бағдарламасы аясында қырғыз жастары қазақ тілін де меңгереді. Келесі жылы "Қазақстан тарихы" пәнін енгізу жоспарланып отыр.
"Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы бауырлас халықтар арасындағы достықтың тағы бір көпіріне айналады, Қазақстан мен Қырғызстанның білім беру жүйелерінің интеграциясына ықпал етеді. Сонымен бірге бұл біздің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтереді", - дейді Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожабеков.
Айта кетері, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлем бойынша 12 орталығы мен өкілдігі бар. Сондай-ақ ұлттық университет 450-ден астам жетекші шетелдік университетпен халықаралық ынтымақтастық орнатқан.
2024 жылдың соңына дейін шетелде тағы бір филиал ашылады деген жоспар бар.