Астана – Жезқазған пойызында сәби дүниеге келді

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 қараша – Sputnik. №66 "Астана – Жезқазған" пойызында жолсеріктер толғақ қысқан әйелді босандырып алды, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
Жүкті әйел күйеуімен бірге Қарағандыға бара жатқан. Кенеттен толғақ қысып, елдің бәрін аяғынан тік тұрғызады. Әйелді пойыз бастығы Индира Құлмаханова өзі босандырып алады.
"Бізге оқыс жағдайларда қалай әрекет етуді компанияда үйретеді. Кез келген жағдайда жолаушыларға көмектесуге дайынбыз", - дейді Индира Құлмаханова.
Индираның бұл салада 17 жыл еңбек өтілі бар. Пойызда дүниеге келген қыз бала. Әйелді босандырған соң пойыз қызметкерлері жақын қалған станцияға хабарласып, жедел жәрдем шақыртқан. Жезқазғанға келген соң ана сәбиімен ауруханаға жеткізілді.
"Пойыздың барлық қызметкеріне алғысым шексіз. Бәріміз абдырап қалдық. Ал Индира жүректі екенін көрсетті. Қызымды аман-есен дүниеге әкелуге көмектескені үшін отбасымызбен ризамыз", - деді сәбидің әкесі.
Жолда дүниеге келген сәбидің есімін ата-анасы Арай деп қойды. Арай – отбасының тұңғыш баласы.