АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жәрдемақымен ғана жақсарту мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз азаматтарға жәрдемақы беріп, олардың жағдайын жасай алмаймыз. Азаматтарға берілетін ең жақсы әлеуметтік көмек – жұмыспен қамту. Жұмысы бар, жалақы алып отырған адамға ешқандай жәрдемақы керек емес",- деді Дүйсенова мәжіліс кулуарында.
Сондықтан жәрдемақы мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана беріледі. Жәрдемақымен қоса көмекке мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек, қосымша оқу, жұмыс, грант ұсынылады. Осының бәрі қосылып, отбасыны қиын жағдайдан шығаруы керек, деп жалғастырды сөзін министр.
Дүйсенова жәрдемақы халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қоспайтынын атап өтті.
"Егер тек жәрдемақымен ғана жағдай дұрысталып кететін болса, әлемдегі барлық мемелкет соны қолданар еді", - дейді ведомство басшысы.