АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. ҚазАвтоЖол мен РОСНАНО арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасалды, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Тараптар автожол саласын дамыту және инновациялық технологияларды енгізу аясында ұзақмерзімді ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында Алматы өңіріндегі "Бұрылбайтал-Күрті" республикалық маңызы бар тасжол учаскесінде "РОСНАНО" — "Құрылыс саласындағы жаңа технологиялар" портфельдік компаниясы өндірген "Эладорм" асфальтбетон қоспаларына арналған модификатор сынақтан өтуде.
Модификатордың негізі тиісті қоспаларды қолдана отырып, ескі шиналарды бірнеше рет, көп сатылы өңдеу нәтижесінде пайда болған резеңке ұнтақтан тұрады.
Өндірушінің айтуынша, "Эладорм" модификаторы жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартумен қатар экологияға да пайдалы. Себебі өндірісте ескірген автомобиль шиналары қайта қолданылады. Сонымен қатар өндіруші "Эладорм" модификаторы қосылған асфальт қандай да бір ақаудың пайда болуына төзімді екенін атап өтті.
Бұл материал сынақтан сәтті өткен жағдайда технологияны автожол индустриясына енгізу мәселесі қарастырылады.
Соңғы 5 жылда ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы республикалық автожолдар желісінің 100-ден астам учаскесінде 80-ге жуық түрлі жаңа технологияны сынақтан өткізді.