АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда шағын бизнестің жалдамалы жұмысшылары үшін бірыңғай міндетті төлем енгізіледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл жаңашылдық Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген. "Біріншіден, Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме келесі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Екіншіден, онлайн платформалардың көмегімен (Яндекс Такси, Яндекс GO және тағы басқа) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі", деді Дүйсенова мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Бұл ретте салық агенті рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді. Сонымен қатар, Әлеуметтік кодексте жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделіп отыр.
"Бұл ставкілердің ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді. Осы дәрежені таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалар, жарақат алу және кәсіптік ауруларға қарай анықталады", - деді министр.
Бұдан бөлек, азаматтарға сақтандыру қорларынан және сақтандыру компанияларында жинақталған активтерден төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері кезең-кезеңмен ұлғайтылады.
"Бірінші кезеңде біз мемлекеттік сақтандыру қорынан бір жасқа толмаған баласы бар аналарға берілетін әлеуметтік төлемді олардың табысының 40 пайызы деңгейінде бекіттік. Қазір жұмыс істеп, уақтылы әлеуметтік жарналарын төлеп отырған аналардың 85 пайыздан астамы осы төлемге ие болып отыр. Бұрын олардың басым көпшілігі базалық төлемдерді республикалық бюджеттен 18 мыңнан 28 мыңға дейінгі мөлшерінде алатын", - деді Дүйсенова.
Сондай-ақ келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр.