Меркіде шетелдіктің үйінен 200 келі есірткі табылды

Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облыстық полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы операциясы кезінде Өзбекстан азаматы ұсталды. Оның үйінен 200 келiден астам түрлі есірткі заттары тәрікіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
43 жастағы ер адам Меркі ауданында ұсталды. Тұрғылықты жерін тінту кезінде жалпы салмағы 231 келi 916 грамм кептірілген марихуана мен 2,3 келі гашиш табылды. Сондай-ақ өсімдік затын ұнтақтауға арналған екі елеуiш пен арнайы аппарат тәркіленді. Полиция арнайы операцияның видеосын жариялады.
Күдікті кінәсін мойындады. Ол Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі (есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.