АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін кедейлік шегі медиандық табыс есебінен есептеледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тағы бір маңызды параметр 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталады", - деді министр мәжілістегі үкімет сағатында Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырып.
Дүйсенованың айтуынша, министрлік экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін зерделеген. Атап айтқанда, 8-ден астам ел осы көрсеткішті пайдаланады және оны отбасы әл-ауқатының нақты дәрежесін көрсететін өлшем ретінде белгілеген.
Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызын, ал Канадада – 50 пайыз, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда – 60 пайызын құрайды. "Біз де осы тәжірибені ендіргелі отырмыз", - деді ведомство басшысы.
Министрлік ақпаратынша, Қазақстанда медианалық кіріс – 2021 жылдың қорытындысы бойынша 54,8 мың теңге немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есе жоғары болды.