Екібастұзда еріктілер жөндеуші жұмысшыларға ыстық шай мен түскі ас үлестірді

Сондай-ақ олар күн сайын тоңған азаматтарға жылытқыштар, пима мен көрпе таратып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Екібастұздық еріктілер кеншілер қаласында төтенше жағдай тіркелген уақыттан бері қала тұрғындары мен жөндеу жүргізіп жатқан жұмысшыларға көмектесіп жатыр. Бұл туралы оларәлеуметтік желідегіпарақшасында хабарлады.
"Бір аптадан бері біздің еріктілер Екібастұз қаласының жылу желілерін жөндеп жатқан жұмысшыларға қандай да бір қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Олар термосқа ыстық шай құйып, тәттілер алып, түннің бір уағына дейін, кейде тіпті таң атқанша жұмысшылардың жылынуына атсалысып жатыр", - деп жазды еріктілер.
Одан бөлек, еріктілер қала тұрғындарына жылытқыштар, пима, көрпелерді жинап, күнделікті жеткізіп беріп жүр.
Волонтерлердің айтуынша, көптеген жанашыр азамат өзінің басына түскен жағдайға қарамастан, ақауларды жоюмен айналысып жатқандарға тәулік бойы қолдау көрсетуге тырысып, кешкі ас, кондитерлік өнімдерді дайындап, жеткізіп отыр.
"Азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан шағын және орта бизнес өкілдеріне рақмет. Барша халыққа, тіпті басқа қалалардан да көмектесуге ниет білдіргендерге және екібастұздықтарға қолдау көрсеткендерге мың алғыс!" - деп жазды еріктілер.