АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы апаттың салдарын жою жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді.
"Отырыста жылуды қалпына келтіру жұмыстарына 7 ірі кәсіпорын жұмылдырылғаны аталып өтті. Олардың әрқайсысына көппәтерлі тұрғын үйлер бекітілген", - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 484 адам жұмылдырылды.
Бұған дейін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 50-ден астам техника тартылғаны хабарланған еді. 36 бригада (261 адам) жұмыс істеп жатыр.
3 желтоқсан сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 76 үйдің 48-інде жұмыс аяқталды, тағы 28 үй бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар қала тұрғындары үшін бұрынғыша 14 жылыту пункті жұмыс істеп тұр.
Қалпына келтіру жұмыстарының барысы – үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Роман Скляр төтенше жағдайдың зардаптары толық жойылғанға дейін Екібастұзда болады.
Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Круктың айтуынша, ең проблемалы үйлер – Сәтпаев, 8, Әуезов, 47, 47а.
Бүкіл қала бойынша екі күн ішінде 800 батарея ауыстырылған.