Атырауда 8 жастағы оқушы суға түсіп кеткен 2 баланы құтқарды

Sputnik
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. 8 жастағы оқушы Дінмұхаммед Жаңбырбай жұқа мұз үстінде ойнап, суға кете жаздаған жасөспірімдерді құтқарып қалды.
Өңірдегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 желтоқсан күні Атырау қаласы Жұмыскер көпірі маңындағы жағалауда 2008 және 2013 жылы туған жасөспірімдер мұз үстінде ойнап жүргенде мұз кенеттен ойылып, екі бала суға түсіп кеткен. Оны байқаған 8 жастағы Дінмұхаммед әрбір секундтың маңызды екенін сезініп, еш ойланбастан өз өмірін қатерге тігіп, екі жасөспірімді қолынан тартып судан шығарып алды.
"Суға батып бара жатқан балаларды көргенде бар ойым оларды құтқарып қалу болды. Себебі су терең, ағыны қатты және уақыт та өте тығыз еді. Ойланбастан мұздың ойығына жүгіріп жетіп, екі баланы қолынан тартып судан шығарып алдым. Оларды құтқару үшін мен қолымнан келгенді жасадым",- дейді Дінмұхаммед.
Кейін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері балаларға көмек көрсетіп, оларды ата-аналарына аман есен тапсырған.
"Баламды ажалдан құтқарған Дінмұхаммедке батыл әрекеті үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ол болмағанда бұл оқиға қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Осындай батылдығы үшін ол зор құрметке лайық. Ержүректілікке баулып өсірген ата-анасына да көп рақмет. Ең бастысы дені сау болып, аман өссін", - дейді 9 жастағы баланың анасы.
Атырау облысының полиция департаменті тұрғындарға мұз бетінде жүрудің қауіпті екенін ескертті.