Алматы облысы облысындағы ауылда бес мыңға жуық бала 4 ауысыммен оқиды

1200 оқушыға арналған мектепте 5 мыңға жуық бала білім алуға мәжбүр. Ауылдағы жалғыз мектеп 2017 жылы салынған
Sputnik
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысы Кемертоған ауылында 1200 оқушыға арналған мектепте бес мыңға жуық бала білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, балалар 4 ауысыммен оқиды. Бала саны мөлшерден көп болған соң, бір сабақ 35 минутқа қысқарған. Базынасын айтып бас көтерген бұқара ауыл әкіміне бар мәселесін ақтарып салды.
"Қазақстан бойынша бізде ғана 35 минуттан оқитын мектеп бар. Балалар түннің бір уағында келеді, обал болды", – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Сәбит Бекасылов.
Тұрғындар орын жетпейді деп шағым айтқан ауылдағы жалғыз мектеп 1200 оқушы білім алуға тиіс. Бірақ қазір білім ордасында 4331 оқушы оқиды. Оларды тасуға небәрі 7 автобус қана бөлініпті.
"Мектептегі жағдай қиын. Қыздарды биыл бірінші сыныпқа жібердік. Таңғы сағат 06:00-да дайындаламыз мектепке, кешкі сағат 20:00- ге дейін балаларды күтіп отырамыз. 10 мың теңгеден ай сайын береміз. Автобусқа балалар сыймайды", – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Жаңылай Әріпбаева.
Ауылдағы жалғыз мектеп 2017 жылы салынған. Бүгінде 267 педагог сабақ береді. Білім ордасының басшысының айтуынша, әр пәнді 40 минуттан өтеді.
"Кемертоған, Асыл арман, МТФ елдімекені, Байтөбе ауылынан 1887 оқушыны 7 автобуспен үш мезгіл тасып отыр. Иә орын саны жетіспейді. Өйткені түске дейін 1200 жүз оқушы, түстен кейін 1200, барлығы 2400 оқушыға ғимарат салынған. Ал қазіргі таңда 4331 оқушы оқып жатыр. Қарасай аудандық білім бөлімі біледі. Алматы облыстық білім басқармасы да біледі", – деді Кемертоған орта мектебінің директоры Дархан Нақысбеков.
"Кемертоған ауылында бір ғана мектеп, ол рас. Бізде онда төрт мың бес жүз бала оқиды. Мүмкін төрт ауысым болған шығар. Жайлы мектеп бағдарламасына осы Кемертоған ауылының мектебінің үш ауысымын шешу үшін кіргізді. Сондықтан солтүстік жағында Кемертоған ауылында үш гектар жер телімі мемлекет меншігіне алынды", – деді Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов.
Алпыс мың халқы бар Іргелі ауылдық округіне тағы мектеп салуы үшін қажетті құжаттар тапсырылды. Тек ол мәселе биыл шешілмейтіні анық. Жоспар бойынша мектеп құрылыс 2023 жылы басталуға тиіс.