АСТАНА, 3 желтоқсан - Sputnik. Алматы тұрғынынан 500-ге жуық ақбөкен мүйізі тәркіленді.
Ұйымдасқан қылмысқа күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті тұрғынның Қызыл кітапқа енген ақбөкен мүйіздерін сақтау және сатумен айналысатыны туралы жедел ақпаратты тексерді.
"Күдіктінің үйін тінту барысында қосалқы бөлмеден 462 ақбөкен мүйізі, сондай-ақ шығу тегі белгісіз тастар табылды және тәркіленді", - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер арнайы операцияны Алатау ауданындағы Заря Востока шағын ауданында жүргізді.
Қылмыстық кодекстің 339-бабы - сирек кездесетін және қорғалатын, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен, олардың бөліктері немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.