АСТАНА, 3 желтоқсан — Sputnik. Жас жігіт өзіне және әлеуметтік желідегі жеке парақшасына назар аудару мақсатында Алматыдағы стационарлық полиция бекетінің төбесіне шығып, сол жерден отшашу атып, артынша қашып кеткен.
Оқиға 24 қарашада болған.
Бүгін полицейлер осы жігіттің ұсталғанын хабарлады. Сот жас жігітті 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Жетісу аудандық полиция бөлімі 21 жастағы жігіттің әрекетін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) және 436-бабы 2-бөлігі (Елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану) бойынша саралады.
"Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ол аталған құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мұндай заңсыз әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеді.