Қызылордада жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 2 желтоқсан — Sputnik. Қызылордада жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кеткен, деп хабарлады Polisia.kz.
30 қараша күні сағат кешкі 19:00 шамасында қала көшелерінің бірінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен туралы "102" арнасына хабарлама түскен.
Тексеру барысында сағат 18:55 шамасында Қызылорда қаласы Абай – Панфилов көшелері қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінен келе жатқан жаяу жүргіншіні белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан бой тасалап кетіп қалғаны анықталды.
Кешенді іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті автокөлік анықталды. Көлік тізгіндеген 33 жастағы азаматқа қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігі және 611-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Түпкілікті шешім қабылдау үшін жинақталған құжаттар сотқа жіберіледі.